ru kz

Адам құқықтары туралы
ертегілер жинағы

КЖАҚ Астана қаласындағы филиалы

Балалар ертегілері уақыт өткізудің қызық амалы ғана емес, балаларға құқық туралы білім беру құралы да болуы мүмкін. Адам құқықтарын, еліміздің Конституциясын ерекше сюжет пен бас кейіпкердің оқиғасы арқылы үйретуге болады. Бұл жинақта адам құқықтарын насихаттайтын он ертегі бар. Әр ертегі белгілі бір мән мен Қазақстан Республикасы Конституциясының қандай да бір бабының сипаттамасынан аяқталады. Ертегілер авторы Антонина (Тоня) Шипулина — Қазақстанның талантты балалар жазушысы, ол «Ведьма Страны Туманов», «Зефирный Жора. Крупная кость», «Тайна ведьмы Урсулы» деген шығармалар жазған. Бұл оқиғалар балалардың есінде қалып қана қоймай, қоғамдағы әр азаматтың құқығын түсіну мен міндетін сезінуді үйретеді.

Кітаптың
жасалу тарихы

Адам құқықтары туралы ертегілер жинағы — мектепте Human Rights Education тұжырымдамасын оқытуға арналған балалар әдебиеті топтамасындағы алғаш қазақстандық кітап: ондағы метафоралық жарқын бейнелерде адам әртүрлі құқығын пайдаланып, қоғам азаматы ретінде ат салысатын өмірлік жағдайлар сипатталған, ал ертегілердің соңында Қазақстан Конституциясының бабтарынан үзінді берілген. Бұл бірегей жұмыс мемлекет құрылымында әділеттік тұжырымдамасының қалай көрініс табатынын әрі адамды қандай мемлекеттік институттар қорғайтынын түсіндіреді. Кітаптағы метафоралар арқылы балалар өмір сүру құқығы мен өзгені кемсітпеу туралы біліп, білім алу, денсаулық сақтау, медиа, соттар мен сайлау құқықтарының қалай жұмыс істейтінін түсінеді. Жинақ «1SRights»: балалар мен ата-аналарға шеберлік сыныптары мен ертегілер арқылы адам құқықтары тұжырымдамасын үйрету» жобасының аясында құрасытырылды.

Жоба мақсаты — қазақ және орыс тілінде адам құқықтары тақырыбында балаларға арналған ертегілер жинағын шығару және мектептердің ата-аналары мен педагогтарына арналған 6 оқыту шеберлік сабағын өткізу арқылы балалардың құқықтық сауатын арттыру.

Неге ертегілер?

Балалардың жасы мен өмірлік тәжірибе деңгейіне сәйкес ақпаратты ұсына отырып, олардың бойында құқықтық сауатын қалыптастыруға болады. Жақсылық пен жамандық, олардың күресі туралы ақпарат көзі — осы ертегілер сюжеті. Ертегілер призмасы арқылы «құқық» деген не, ол қалай сақталады, қай кезде бұзылады деген сұрақтарға жауап берілед. Ертегілерді оқи отырып, жақсылықтың зұлымдықты жеңетінін ғана емес, адамның құқықтары туралы біліп, әрі ол құқықтарды қорғау жайында пайдалы кеңестер алуға болады.

Сот әділдігі
(Қытай халық ертегісінің желісімен)

Ерте заманда бір ауылда Қасым деген қария тұрыпты. Бар байлығы – қолындағы нары екен. Қария нарын балаша мәпелеп, ауыр жүк артпай, жем-суын баптап беріп бағыпты. Айнала жұрт Қасымға күле қарап, мазақ қылады екен. Қария жұрттың сөзін елең қылмай, жан жолдасы, көз қуанышы болған жануарды мәпелей беріпті.

Күтімі жақсы, жаны қиналмаған нар жүні желкілдеп, көзі мөлдіреп, қараған адам сүйсінердей әдемі көрінеді екен. Қария бір жолы нарын жетектеп, азын-аулақ ұн алмаққа базарға аттанады. Базардың кіреберісіне жануарды байлап, сауда жасауға кетіп, қайта оралса – нары жоқ. Оның орнына біреу көтерем, ауру түйесін байлап кетіпті.

Қасым байбалам салып, базарды шыр айналып, нарын іздейді. Анда барса да жоқ, мында барса да жоқ. Отыра қалып басын тоқпақтап жылап та алады. Бір кезде ызасы келіп, ұрының жазасын бермек болып орнынан тұрады. Сол жердің қазысы бір бай екен, соған барып әділет іздемек болады.

Кемсітпеу
(Моңғол халық ертегісінің желісімен)

Бұл оқиға бертін заманда болған. Күндердің күні қисапсыз байлығы бар бір кісінің іші пысыпты. Іші пысатын жөні де бар. Ішкені алдында, ішпегені артында, төңірегіндегілердің бәрі мұның аузын бағып, алдында құрдай жорғалайтын. Уайым-қайғы жоқ, қамсыз өмір сүріп жатқаннан ба екен, әлгі адам аса жауыз, қатал болыпты. Өзі болса, әділмін дейді екен.

Бір күні сол адам іші пысқаннан ауыл-аймаққа аты шыққан, өткенді де, болашақты да көре алатын құмалақшы апаны алдына әкелуді бұйырыпты.

Сондағысы – он, жиырма, отыз жыл өткен соң да осындай бақуатты, ас та төк өмір сүре берем бе, жоқ па, соны білгім келеді депті. Құмалақшы байдың алдына барып, оның жүзіне бажайлай қарап алғаннан кейін: – Нені айтайын? – деп сұрапты. Бай бірден жауап бермей, құмалақшыға қулана, сынай қарап отыра беріпті. Мына құмалақшы жұрт айтып жүргендей керемет сәуегей ме екен деп тексеріп көрмек болған ғой.

Өмір сүру құқығы

Аты есте қалмаған шалғайдағы әлдебір елде аңдардың арасында бір қара қасқыр тұрыпты. Үлкендігі сондай, ол аузын ашып есінегенде, күннің орнын көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады екен. Қасқырдан аң атаулының бәрі қорқатын. Өйткені ол өзгенің жанын алуды жанындай жақсы көретін. Таң атқаннан кеш батқанша қорқауларына бұйрық берген дауысы естіліп тұратын: – Мына қоянды шайнап тастаңдар! Мына суырды дәл қазір талап тастаңдар! Қара қасқыр аңдарды тергемей, сотқа салмай жазалай беретін. Өзі жазықтыларды ғана жазалап жүрмін деп ойлайтын. Өзінше әділет орнаттым дейтін.

Күндердің бір күнінде аса ауыр жазадан кейін қара қасқыр үлкен алма ағаштың саясында демалып жатқан. Бұл ағаштың саясында қасқыр ғана жата алатын. Өзге аңдар ағаштың көлеңкесіне аттап басса болды, «ұры» атанып, сол сәтте жазаға кесілетін.

Жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды

Күндердің күні бір бозбала отардан бөлініп қалған қойын іздеп жүріп, адасып кетіпті. Жүре-жүре бір жерде аялдайды. От жағып, алауға қарап, ағаштың сытырлап жанғанын тыңдап отырып, ұйықтап қалады. Бір кезде кіндік тұсына әлдебір нәрсе қатты тиіп, жанына батқан аурудан оянып кетті. Көзін уқалап қараса, баяғыдан сөніп қалған оттың жанында екі дәу жүрелеп алып, асық ойнап отыр екен. Асық ойнағаны сол, сақасын бозбалаға дәл тиетіндей қылып иіреді. Асықтарының үлкендігі торсықтай, сақасы одан да үлкен, оның үстіне тұтас алтыннан құйылған екен.

Екі дәу бозбаланың оянғанын көріп, оны мазақ қылып күле бастайды. – Сөлбірейген түріңе болайын, қырып алар еті жоқ шүкімайт адам, – депті бірінші дәу. – Сені бір шынашағыммен мыжи саламын ғой! Дәудің күлгенінен жер селкілдеп кетті. – Ілмиіп қалған сүйкімсіз адам неме, – деді екінші дәу. – Мынаны бір үрлесем, Айға дейін ұшып барып, соған соғылып өледі ғой!

Жеке өмірге қол сұқпау/b>

Ежелгі өткен заманда Ермек есімді кісі болыпты. Өзі өте мейірімді екен, бірақ бірде-бір жақыны жоқ, жалғызілік екен. Жан серігі – әкесінен қалған домбыра ғана. Домбырасының пернесіне саусағы тисе болды, бар қайғы-мұңын ұмытып, дүр сілкініп шыға келеді екен. Оның домбырасының шанағынан шыққан әуенді естіген адамның бәрі де қайғы-мұңынан арылатын болыпты.

Күндердің бір күні, ымырт үйіріле Ермек үйіндегі тозығы жеткен бөстегін төсеніп, домбыра тартып отырады. Домбыраның пернесінен төгілген әсем күй үйге сыймай, шаңырақтан өтіп, бүкіл далаға таралады. Ермек бар дүниені ұмытып, күй төге берді. Жаны жадырап, сарайы ашылды.

Кенет, бір жақтан жотасында жылтыры бар кесіртке атып шығып, күй әуеніне еріп, билей бастады. Құйрығын бұлғаңдатып, табанын ырғаққа қосып қағып қойып, көзін жұмып алып, елтіп бір биледі дейсің! Ермек тіпті оған таңғалған да жоқ. Ештеңе болмағандай домбырасын тарта берді. Кесірткеге қуана, жымия қарап қойып, тарта берді, тарта берді...

Сөз еркіндігі

Дүниеде өзі жалқау, өзі бөспе бір кісі өмір сүріпті. Осы мінезіне қарай жұрт оған Мақтаншақ деп ат қойып алыпты. Өзі жай жүрмей, байлығын айтып күпініп сөйлегенді жақсы көреді екен. Ауыл-ауылдағы жұрттың бәрі Мақтаншақ базарға шығарған қойын мақтаса, оны алмай-ақ қойған дұрыс дейді екен. Ал үйір-үйір жүйрік жылқым бар десе, онысының бәрі көтерем, ауру болып шығатынын да білетін.

Тек Мақтаншақтың өзіне шындықты айтуға ешкімнің дәті бармайтын. Өйткені ол сол жердегі ең ықпалды байдың досы екен. Ал бай – ханның бауыры. Мақтаншақтың көңіліне бірдеңе жақпай қалса, досына барып шағынады. Ол ағасына, яғни ханға бірден жеткізіп барады. Ал кенже бауырын жанындай жақсы көретін хан әй-шайға қарамай, Мақтаншақты ренжіткен жанның жазасын беруге жандайшаптарын жұмсайтын. Сөйтіп, жұрт Мақтаншаққа бір ауыз сөз айта алмай, тілін тістеп жүреді екен.

Күндердің күні Мақтаншақ алма бақты аралап жүріп, бір тұзақты көреді. Оған өмірінде көрмеген әсем құс түсіп қалыпты. Тауыс десе тауыс емес, тырна десе тырна да емес, адам көрмеген бір керемет. Тұзаққа шырмалып қалған құс ара-арасында адамның дауысына салып, «Оһ, оһ-һо-һо» деп күрсініп қояды.

Еңбекті таңдау еркіндігі құқығы
(Жапон халық ертегісінің желісімен)

Баяғы ерте заманда, бір кішкентай ауылда ерлі-зайыпты тұрыпты. Екеуінің баласы жоқ екен. Жыл артынан жыл өтеді, ерлі-зайыпты қартаяды, ал үйінде сәбидің іңгәлаған дауысы сол күйі естілмейді. Екеуі қартайып, шал мен кемпір болғанда осыны ойлап қатты қамығады екен, тек тағдырға қылар қайран жоқ, маңдайға жазғанға көніпті.

Күн артынан күн сырғып өтіп, екеуі бірқалыпты тірлігінен танбай, өмір сүріп жатады. Бір күні қатты боран соғып, шал ыққан қойын іздеп далаға кетеді. Әбден тоңғанша іздеп, қойын таба алмапты. Малына іші ашығанымен, таба алмасын түсініп, енді үйіне қайтайын десе, анадай жерде біреудің жылаған дауысы естіледі. Бұл не болды екен деп барып қараса, қақпанға түсіп қалған түлкінің баласы – мыршай екен. Өзі жап-жас.

Қақпанға түскен түлкі бар күшін салып бұлқынып, жан дауысы шыға зарлағанымен, қақпанның қанды аузынан құтылып кетер амал таба алмайды.

Ана мен баланы қорғау

Ежелгі өткен заманда, Көк Тәңірі ұлпа бұлтқа жантайып демалатын шақтарда аңдар мен құстар қазіргі біз көріп жүргендей болмаған. Бәрі өлшеусіз алып болатын. Бір мақұлық қана өзгелердей емес, кішкентай, тыыыым кішкентай екен. Құрттай ғана тиін. Қане, оқырманым, қолыңды алға созып, шынашағыңа қарашы. Міне, сол кездегі тиіннің тұрқы сенің шынашағыңдай ғана болыпты.

Тиін балаларымен бірге жас талдың діңін ойып, үй салып алыпты. Жаңа туған балалары өзінен де кішкентай, әлжуаз екен. Тіпті үп еткен желге ұшып кететіндей кішкентай болса керек. Тиін балаларын барынша қорғаштап, мәпелеп бағып жүріпті.

Балаларын бауырына басып отыра бергісі келгенімен, азық іздеп ағаш діңіндегі ойық үйінен шығуға тура келетін кездер де болатын. Ондай кезде тиін балаларын тастап кетуге қанша қорықса да, амалы жоқ еді, қарайласатын жақыны тағы жоқ...

Денсаулық сақтау құқығы

Бір байғұс ханның ішінде бірдеңесі бұзылып қалыпты. Нақты не бұзылып қалғанын хан өзі де түсінбейді. Өзі сезімін қадағалаудан қалғалы қашан. Күні-түні ханның бойын бірдеңе қарып, күйдіріп бара жатқандай, қақсап-сыздай береді. Әуелі жүрегім ауыра ма деген, кейін асқазаным дұрыс істемей қалды ма деді, бір кезде күйім болмай жүргені басымның кесірінен деуге көшті. Хан біраз уақыт азап шегіп жүреді де, бір күні көмекшілеріне төңіректегі ең жақсы емшілерді тауып, жиып әкелуді бұйырады.

Ертеңінде таң алагеуімнен хан ордасының алдында құжынаған қарақұрым кезек тұрады. Біреуі иығына құрғақ шөп толы қоржын асынған, енді бірі емшілік жайлы топ-том кітап теңдеген есегін жетектеп алған, тағы бірі түрлі сұйық құйылған құтыларды салақтатып асып алған. Кезекте тұрғандардың әрқайсы ханды азабынан құтқарып, сыйға кенелемін деп үміт етіп тұрады. Әрі әрқайсы сыйымды ала алмай қаламын ба деп қорқып, емді бастамай тұрып-ақ жұмысының ақысын алып алайын деп сұраған.

Білім алу құқығы

Баяғыда бір қыз бала болыпты. Өзі аса мейірімді әрі білімге құштар екен. Дүниедегінің бәрін білсем деп тұрады екен. Неге бұлттардың біреуі ақ мамықтай ұлпа, ал енді бірі сұп-сұр, тесік-тесік болады? Неге ит үреді, ал мысық мияулайды? Аспанда найзағай неден шығады? Қаптағы күріштің дәндерін санауға бола ма?

Ата-анасы қызын қатты жақсы көргенімен, оған білгісі келгеннің бәрін білуге көмектесе алмайды екен. Жалғыз мектеп алыстағы үлкен қалада ғана бар. Ал оған тек алтын теңгесі бар балаларды ғана қабылдайды екен. Ал қыз отбасының тышқаннан басқа түгі жоқ еді.

Бір күні қызды анасы өзенге суға жұмсапты. Қыз асықпай аяңдап, жан-жағына тамашалай қарап бара жатады. Өзенге жетіп, шелегіне су ала бастайды. Қараса, жағаға таяу жерде бір мөңке балық аударылып қалып, суда қалқып жүр екен. Не өлі, не тірі екені білінбейді. Езуінен қармақтың ілмегі шығып тұр. Қыз балықты аяп кетіп, судан шығарып алып, езуіндегі ілмекті ағытып, қайтадан суға жібереді.

Бұл жоба Евразия қоры жүзеге асыратын АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы Әлеуметтік Инновациялар бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылды. “Қазақстан жастар ақпарат қызметі” ҚҚ Астана қ. ф-лы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты, және де ол ақпарат USAID-тың, немесе Америка Құрама Штаттары үкіметінің пікіріне сай келмеуі мүмкін.

Автор

“Қазақстан жастарының ақпарат қызметі” қоғамдық қоры (ҚЖАҚ) — Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне энергиясын, интелектін, білімін жұмсағысы келетін жастардың басын қосқан коммерциялық емес ұйым. Қазақстанның жас азаматтарын қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асыруда, республикалық эдвокаси науқандарды өткізуде ҚЖАҚ-ның тәжірибесі бар. Қор мен оның жобалары туралы толығырақ ақпаратты ресми инстаграм парақшалардан алуға болады: @misk.astana, @misk_kz, сайтта да ақпарат бар: https://misk.org.kz/

Серіктестер

USAID — бұл әлемдегі жетекші халықаралық даму үшін USAID Орталық Азия веб-сайты www.usaid.gov мен Facebook USAIDCentralAsia парақшасын қараңыз.
Еуразия қоры (Eurasia Foundation Inc.) — бұл 1992 жылы АҚШ-та бүкіл әлемдегі қауымдастықтардың мүмкіндіктерін кеңейту бағдарламаларын қолдау мақсатында құрылған коммерциялық емес халықаралық ұйым. 2019 жылы Еуразия қоры АҚШ-тың халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» (SICA) бес жылдық бағдарламасын іске асыра бастады. Бағдарлама Қазақстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда және Өзбекстанда белсенді және жауапты азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі баста­маларды қолдауға бағытталған